2026 жылғы 7 шілдеде сағат 12:20-да «Баянауыл» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында найзағай разрядтарының түсуінен 5 орман өрті тіркелді.
«Қазавиаорманқорғау» РМҚК күштері өртті жедел анықтап, сөндіру жұмыстарына ұлттық парктің мемлекеттік орман күзетінің қызметкерлері, 1 тікұшақ, десантшылар және арнайы техникалар жұмылдырылды.
Мемлекеттік орман күзетінің қызметкерлері мен «Қазавиаорманқорғау» мамандарының жедел әрі үйлесімді іс-қимылының нәтижесінде барлық өрт ошақтары қысқа уақыт ішінде оқшауланып, толық сөндірілді.
Алдын ала мәлімет бойынша, барлық жағдайда өрттің шығуына найзағай разрядтары себеп болған.
Соңғы күндері өңір аумағында найзағайлы фронттың өтуіне байланысты орман өрттерінің туындау қаупі сақталуда. Осыған байланысты мемлекеттік орман күзеті күшейтілген режимде жұмыс істеуде.