🐾 Баянауылда алғаш рет құну тіркелді!
📸 Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде ерекше ғылыми жаңалық! Фотомониторинг барысында Павлодар облысының қазіргі жануарлар дүниесіне тән емес сирек жыртқыш — құну (Gulo gulo) фототұзаққа түсті.
🔎 Ғылыми деректерге сүйенсек, Қазақстанда құнудың негізгі таралу аймағы Оңтүстік Алтайдың таулы-тайгалы өңірлерін қамтиды. Дегенмен бұл жыртқыштың өзінің негізгі мекенінен алыс жерлерде кездескен тарихи деректері де бар.
📍 1932 жылы — Бурабай ормандарында (қазіргі Ақмола облысы);
📍 1948–1949 жылдары — Шағалалы көлі маңында (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы).
Ғалымдар мұндай жағдайларды жекелеген жануарлардың алыс қашықтыққа орын ауыстыруымен байланыстырады.
🌿 Баянауылдағы бұл олжа несімен маңызды?
Бұл — Павлодар облысында құнудың алғаш рет тіркелуі. Сирек жыртқыштың негізгі таралу аймағынан едәуір қашықта анықталуы оның қозғалысы мен таралу ерекшеліктерін зерттеуге жаңа мүмкіндік береді.
🛰️ Бұл жаңалық фототұзақтардың табиғаттағы сирек кездесетін жануарларды анықтаудағы және биоалуантүрлілікті зерттеудегі маңызын тағы бір мәрте көрсетіп отыр.
🔬 Бақылау AP25795423 «Солтүстік-Шығыс Қазақстандағы аңшылық-кәсіпшілік жануарлар түрлерінің таралуы мен қорларын геоақпараттық модельдеу және картографиялау» ғылыми жобасы аясында жүргізілді.
Жоба жетекшісі — PhD З. М. Сергазинова.
📚 Ғылыми дереккөздер:
А. В. Афанасьев. «Қазақстан зоогеографиясы», 1960 ж.
«Қазақстан сүтқоректілері», III том, 2-бөлім, 1982 ж.