2025 жылдың 22 қараша күні «Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» қызметкері А.Темиров сирек кездесетін кадрды бейнежазбаға түсіріп алды.
Бұлан — Қазақстандағы бұғылар тұқымдасына жататын ең ірі сүтқоректі, тұяқты жануар. Шоқтығының биіктігі 2 метрге жетеді, салмағы 600 кг-дай. Түсі қыста қара қоңыр, жазда қоңырқай, басы, аяғы ақшылдау. Алдыңғы аяқтарындағы тұяқтары өткір, бұл оларды жаулармен ұрысу кезінде қару ретінде қолдануға мүмкіндік береді. Бір ғана осындай тұяқтың соққысы жаудың басын жаруға немесе ішін тіліп жіберуге жеткілікті. Аталықтың үлкен (қазіргі сүтқоректілер арасындағы ең үлкен) шеңбер тәрізді мүйіздері бар; олардың ендігі 180 см-ге дейін, массасы 20-30 кг. Күзде мүйіздер құлап, сәуір-мамыр айларында жаңа мүйіздер өседі. Бұлан көбінесе мүйіздерінің формасы соқаға ұқсас болғандықтан, соқа тәрізді деп аталады. Аналықтарында мүйіз болмайды. Жазда шөппен, қыста бұтақ, ағаш қабықтары және бұталарымен қоректенеді. Күйлеу уақыты қыркүйек-қазан. 225-230 күн буаздықтан кейін, мамыр-маусымда аналығы 1-2 төлін дүниеге әкеледі.